60 – жылдары әдебиет әлемінің айшықты жанры – поэзияда адуынды жырларымен көпшілікті елең еткізген ақынның бірі Фариза Оңғарсынова болатын.
Абай атындағы Республикалық мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова шығармашылығы қазақ әдебиетінде өзіндік үні мен орны бар тұғырлы дүние.
Ф.Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану – алыптардан бастау алады. Көркем сөз зергерлері Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев өрбіткен баянды бағам – байлауды әдебиетші ғалымдарымыз М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, С.Сейітов, З.Ахметов, Ә.Жәмішев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев т.б жалғастырды. Ақынның өз тұстастарынан және қаламдас іні – сіңлілерінен К.Ахметова, Н.Оразалин, Ә.Кекілбаев, С.Ерубаев, У.Қалижанов, А.Егеубаев, Т.Шапай және басқалардың пікір – пайымдарының мәні зор болды. Өз кезінде осындай бағасын алған ақын Ф.Оңғарсынова лирикасы – қазақ әдебиеті майданындағы ұшан теңіз дүние. Ақынның сан – салалы лирикалық шығармаларында сыры ашылмаған қаншама дүние жатқаны баршаға аян.Ф.Оңғарсынованың әр тақырыптағы лирикалық шығармалары, ондағы кейіпкерлер әлемі, яғни лирикалық қаһарман мәселесі, ақындық шеберлік сырлары әр адамды қызықтырары айдан анық. Күллі шығармашылық- өнерпаздық қабілет – талантымен әдебиет зерттеушілерінің назарын аударып, ойлы да сыншы, талғампаз оқырмандарының көңілінен шыққан Фариза ақындығынның арнайы да мақсатты, сондай-ақ міндетті зерттеу сөзіне айналып, обьекті өрісіне імуі - өмір талабының пәрменіне сай рухани қажеттілік.
Ширек ғасыр бойына әдебиетпен бір жұптаса біте қайнасып кеш жатқан қаламгердің шығармашылық мұрасы туралы бірталай жазылып, бірсыпыра айтылып, әдепкі әдеби-ғылыми көзқарас, жүйелі негіз қалыптасса да қаламгер қайнарының қуат күшін, бұлақ бастауын жеткілікті өз дәрежесінде, аз биігінде, өз өлшемінде таразылай, бағымдай алды ма?! Ақын мұрасы сонау алпысыншы жылдардың нақ ортасында "Сандуғаштан”(1966) бастау алып, сексенінші жылдардың аяғындағы "Таңдамалыны”(1987) және "Қыз ғұмырға”(1966) дейінгі аралықты қамтиды. Ақын лирикасы "Маңғыстау маржандары” (1969), "Мазасыз жүрегіңдемін” (1975), "Шілде”(1978), "Сенің махаббатың” (1979), "Сұхбат”(1983), "Жүрек күнделігі” (1984), "Дауа”(1985), "Маңғыстау монологтары”(1986), "Екі томдық: Таңдамалы шығармалары”(1987), "Өсиет”(1995), "Қыз ғұмыр”(1996) және "Мен саған ғашық емес ем”(1999) сынды дүниелермен толықты. Осылардың ішінде "Маңғыстау монологтары” Мемлекеттік сыйлыққа ие болған шығармасы.