Тегінде биік көтерілу мен тереңге бойлау деген бірі жоғары, бірі төмен тартқандай көрінгенімен ақын-жазушылар үшін оның мағынасы екеу емес, біреу: екеуі де ой мен көркемдіктің өресі әрі биік, әрі терең болуын талап етеді. Идеялық және көркемдік тұтастығы дейтініміз сол биікте, сол тереңдікте ғана тоғысады. Мен Фариза қызымызды осыны іздену жолында көремін.
Ғабит Мүсірепов
"Мен Фаризаның махаббат жырларынан бәрімізге ұқсамайтын өзгешелік көремін. Бұл қайсымызды болса да ойландыратын өзгешелік. Адамның шартты түрдегі ережелерге, канондарға, ескірген әдет, дәстүрлерге тұтқын болып қалмай босануын, өз сезімін ұрламай, жасырмай, бүкпей сөйлеуін қазақ поэзиясында батыл жырлаған осы Фариза”
Ә.Тәжібаев
"Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін”
Ғ.Мүсірепов
«¥лы Адам, улкен адам еш уақытта мен ұлылыққа қызмет етіп жүрмін деп ойламайды. Ол өзімен-өзі алысып әуре. Өзінен-өзі күнде жеңіліп қиналады. Өзінен-өзі күнде жеңіп қуанады. Фариза да сол адамдардьң қатарында. Фариза әлі де алыс-алыс замандарда өлмeйтiн, биік тұғырлы шығармалар жазады»
Әкім Тарази
Сірә, Фаризаның проза жазуына оның әу баста журна¬лист болуының әсері деп ойлаймын. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Батыс облыстарындағы меншікті тілшісі болды.
«Шашы ағарған қыз» повесі сол жылдары туса керек. «Келіншек» те. Алғашқысы сонау азамат соғысы кезіндегі алқын-жұлқын алапат күндерді еске салады. Сөз басында «Капитан қызын» еске алғаным тегін емес. Анда да соғыс, мұнда да соғыс. Соғыс — адам тағдырларын сапырылыстыратын сұрапыл дауыл ғой. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан аламан дүние».
Фариза прозасындағы эссе — қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия.
Және шырылдап тұрған шындық. Ол ақындар Әбділда Тәжібаев туралы болса да, Мұқағали Мақатаев туралы болса да — кәнігі кәсіпқой сыншылар айта алмаған сырды айтады. Бұл — сын да емес, сыр. Және шын сыр.
Шерхан Мұртаза
Фариза Оңғарсынова — азамат боп ашынуды, пенде болып мұңдануды, перзент болып тебіреніп, періште болып қуануды қаз-қалпында жеткізе алған аса сирек лирик. Лириктердің көбінде соның бірі жетсе, бірі жетпейді. Ал бұл ақынға адамдық кескіндемеге жататын барлық сезім гаммасын ұрымтал ұстап, ұтымды бейнелеу соншалықты оңай, соншалықты жеңіл. Әйел кешер жан азабы мен тән азабын, сезім сергелдеңін Фаризадай дәл, Фаризадай нәзік, тиген жерін ойып түсер, шоқтай отты да уытты жеткізген ақын арғы-бергіде кем де кем. Бұл саладағы оның драматизмі, нақтылығы, суреттілігі ең ірі психолог романистердің тандаулы беттерімен тайталаса алады. Мұндағыдай сезім полифониясы, рух симфониясы әдетте лирика ауқымына сия бермейді. Оңғарсынованың махаббат лирикасы — әлемдік интимдік поэзияның өзінде не бір тізгін үзген саңлақтардың өздерінде де ұшыраса қоймаған сирек құбылыс. Сондай шынайылыққа болмыстың ұңғыл-шұңғылына тереңдей бойлаған философиялық зерде мен халық тағдырына қабырғасы қайысқан азаматтық серпінді қосыңыз. Мұндай диапозон мен мұндай палитра тек бір ғана ұрпақтың емес, бүкіл ғасырдың сипатын ашып, бір ғана ұлттың емес, күллі адами болмыстың шер-шеменін жан-жақты жайып салар шын мәніндегі заманалық суреткерлерге ғана тән болса керек.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ
Мінезді, тегеурінді, ынтық өлеңдер, құштарлығы бойға сыймайтын іңкәр жырлар жылғаларды толтырған көктем суындай тасынып, тарала жөнелді. Фаризаның сіңлілеріне махаббат пірі жар болғандай, бұрын-соңды айтылмаған тәтті, назды, кейде кейіген, кейде қарғап-сілеп жерлеген, кейде момақан мойындаған жүрек күнделігіндей сүйіспеншілік жырлары қаулап өсіп, олар апасына да, бір-біріне де ұқсап кетіп жатты.
Күләш АХМЕТОВА