«Бір тойым бар сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын,
Бірақ...бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын...» - деп, жырлаған тарпаң мінезді ақын, көкірегіндегі ұшқынды тұтандыра білген Төлеген Айбергенов қазақ өлеңіне тұтас бір дәуір сыйлады.
Төлеген Айбергеновтың 80 жылдық мерей тойына орай, Орталық қалалық кітапханада «Қыран жырдың, сұлу сырдың ақыны» атты поэзиялық көңіл күй кеші өткізілді. Шараға «Алтын қалам» жас ақындар клубының мүшелері, №9 орта мектептің 7-сынып оқушылары мен кітапханашылар қатысты.
Шара «Сағыныш» атты бейне көрсетілімінен басталды. Нұрсұлтан Алдажаров пен Жұлдызай Төлепова кешті жүргізіп, ақын өмір жолы мен шығармашылығына да тоқталды.
Төлеген жырларының халыққа етенелігі соншалық, оның өлеңдерін жатқа оқымайтын қазақ аз. Ақынның «Сағыныш», «Анама», «Ана», «Қазақстан көктемдері», «Әуен мен ырғақ жыры», «Бір тойым бар», «Адамдар»,т.б. өлеңдерін Мейрам Сабина, Талғат Аружан, Избасарова Айдана, Шабал Дильназ, Мұратбаева Гүлдана, Курганова Диана, Әлжан Дильназ оқыды.
«Ақ ерке ақ жайық», «Көнеміз ғой» әндері орындалды. Оспанов Еламан «Ақын Төлеген» атты өзінің шығармашылық өлеңін арнап, Әлкен Дильназ домбырада күй шертті. Кітапханашы ақынның жыр жинақтарына шолу жасады.