16:46 Назар аударыңыздар: жаңа кітаптар! | |
Құрметті оқырмандар! Қалалық кітапханаға келіп түскен бір топ кітаптармен сіздерді таныстырамын. Кітап – жан азығы, демек оқудан қол үзбеңіздер! «Әнші Әміре: Әміре Қашаубаев туралы естеліктер» - бұл естелік кітап - әншілігі асқан қазақтың дарынды ұлдарының бірі, сонау жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ қазақ әншілік өнерін әлемге паш етіп, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түскен ән атасы Әміре Қашаубаев жайлы. Бұл жинақ асқақ әншінің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы шығарылып отыр. Мұнда мемлекет, өнер, ғылым қайраткерлерінің, танымал ақын-жазушылардың және оның замандастары, шәкірттерінің естеліктері мен зерттеу мақалалары іріктеліп берілген. Олар әнші өмірінің қиын-қыстау кезеңі, беймәлім қырлары, оның теңдессіз орындаушылық шеберлігі, әртістігі жайлы тереңнен сыр шертеді. Сонымен қатар аталмыш жинаққа Әміреге арналған туындылар мен оның орындауындағы бірқатар әндер енгізілген. Ел тәуелсіздігі жолында жан аямай күрескен батыр бабаларымыздың күрескерлік жолын білсем деген барша оқырман қауымға арналған көкшелік қаламгер Жанатай Бекеновтің «Қанай би және оның ұрпақтары» атты кітабында Жоңғар шапқыншылығына қарсы төтеп берген атақты қолбасшы, батыр, Абылайды хан көтерген билердің бірі, ақылшысы, қазақ халқын Қытай қырғынынан сақтап қалған ұлы көреген, ірі дипломат, мемлекет қайраткері Қарауыл Қанай Би Құттымбетұлы туралы сөз болады. Сондай-ақ автор ата жолын жалғастырған Қанай ұрпақтары Мәлік Ғабдуллин, Мыңбай Ысқақов, Баян Жанғалов, Өзбек Елемесов және тағы басқалар туралы да кеңінен сөз қозғайды. «Бұқарбай батыр» кітабында Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің бас батырларының бірі Бұқарбай Естекбайұлының өмірі мен күрескерлік жолы туралы ғылыми мақалалар және батыр туралы жазылған көркем шығармалар жинақталған. Бұқарбай батыр – Қоқан, Хиуа хандықтары мен отаршыл патша үкіметіне қарсы күресте өз халқының азаттығы үшін жан аямай күрескен ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының сенімді серігі, жорықтас жолдасы, даңқты қолбасшысы болған баһадүр-батыр. Қазақтың спорт және туризм академиясының ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі, профессор, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, спорт шебері, республикалық дәрежедегі төреші Е. Мұхиддинов «Қазақ күресі» атты кітабында қазақ күресін дамыту жолдары жайлы, осыған орай қазақ күресі секцияларын ұйымдастыру, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу, жас палуандарды жан-жақты шыңдап, даярлау міндеттері туралы әңгіме қозғайды. Сонымен қатар автор қазақ күресінің тарихымен, қазіргі даму барысымен және қазақтың әйгілі күрес шеберлерінің тәжірибелерімен таныстырады. Кимешек – қазақ әйелдерінің киелі баскиімі. «Киелі кимешек» фотоальбомы арқылы салтанат сәнімен әйелдеріміздің бетіне әр беріп келген кимешектің өзіндік пайда болу, даму, құлдырау, қайта өрлеу дәуірлерін басынан өткізгенін байқаймыз. Ғасырлар бойы сәнін де, мәнін де жетілдіре түскен кимешектің бүгінгі тәуелсіз еліміздегі ерікті үлгілері талғампаз қауымның көңілінен шығады деп ойлаймын. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің классигі Ғ. Мүсіреповтің, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Қ. Бекхожиннің таңдамалы шығармаларымен оқырмандар залында таныса аласыздар. Кітапханаға келіңіздер! Оқыңыздар! Алтын Ілиясова, кітапхана библиографы | |
Просмотров: 1431 | Добавил: manap |
Всего комментариев: 0 | |