10:30 «Бір ел – бір кітап – 2014» | |
![]() Жазушы Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда Алматы облысының Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында туған. ҚазМУ-де сырттай оқыған, 1971 жылы Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. Туған ауылында колхозшы, мұғалім, аудандық, облыстық газеттердің әдеби қызметкері, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші, Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, Қазақстан КП Орталық Комитетінде жауапты қызметкер, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры, ҚЖО-ның екінші хатшысы болған. XI сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Жазушының алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған. Содан бергі уақытта әңгімелері мен повестерінің «Менің қарындасым» (1961), «Ауыл оты» (1964), «Көкорай» (1967), «Отау үй» (1968), «Жабайы алма» (1972), «Дос іздеп жүрмін» (1973) жинақтары, таңдамалы шығармаларының бір томдығы (1981), 1986 және 1991 жж. екі томдығы, 2004 жылы «Ескек жел» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. 1989 жылы «Қалың қар», 1995 жылы «Өліара» повестері кітап боп шықты. Алматы баспаларынан орыс тілінде «Дом молодых», «Камен тугай», «Дикая яблоня», т.б. кітаптары, Мәскеу баспаларынан әр жылдары жарық көрген «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника», т.б. кітаптары, Ташкентте өзбек тілінде «Евшан иісі», Қазанда татар тілінде «Әрем иісі», украин, белорус, грузин, армян, әзербайжан, литва, т.б. туыстас халықтар тілдерінде әңгіме, повестері, араб тілінде «Жусан иісі» повестері мен әңгімелері жеке кітап болып шықты. Аударма саласында Әнуар Әлімжановтың белгілі роман-повестерін, сондай-ақ Г.Толмачевтің Д.Қонаев, Н.Назарбаев туралы деректі повестерін Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын қазақшалаған. «Тел өскен ұл» (реж. Ш.Бейсенбаев, 1976) кинофильм сценарийінің авторы. 2003 жылы «Жабайы алма» повесі үшін Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. 1990 жылы «Қалың қар» повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының М. Әуезов атындағы әдеби сыйлығы, 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 2007 жылы дүниеден озды. Құрметті оқырмандар! Жазушы С. Мұратбековтың шығармашылығымен танысамыз десеңіздер, орталық қалалық кітапханаға келіңіздер! Сіздер үшін есігіміз әрқашан ашық! ![]() Алтын Ілиясова, ақпаратты –библиографиялық бөлімнің жетекшісі, орталық қалалық кітапхана | |
Просмотров: 2941 | Добавил: manap |
Всего комментариев: 0 | |