Суббота, 20.04.2024, 03:15
Приветствую Вас Гость | RSS
Погода
Форма входа
Логин:
Пароль:
Поиск
Мини-чат
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Каталог файлов

Главная » Файлы » Сценарии наших мероприятий

Көркем сөздің зергері. Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығы. «Ұлпан» романы.
04.04.2012, 18:30


Көркем сөздің зергері. Ғабит Мүсіреповтің  өмірі мен шығармашылығы.
«Ұлпан» романы.
 
Жазушы, Қазақстан Академиясының академигі (1958), Социолистік Еңбек Ері (1974), Қазақстанның халық жазушысы (1984). 1908 – 1910 жылы ауыл мектебінде дәріс алып, діни сауат ашқан. Оқуын Қостанай уезднің Обаған болысындағы 2 кластық орыс мектебінде жалғастырған (1916 – 1918). Пресногорьков жоғары бастауыш мектебінде оқыған (1921). Ауыл мектебіндегі әдебиет пәнінің мұғалімі Бекет Өтетілеуовтың әсер-ықпалымен әдебиетке ықыласы ауды. 1923 – 1926 жылы Орынбордағы жұмысшы факултетінде С.Мұқановпен бірге оқыды, онда С.Сейфуллинмен танысты. Омбы ауыл шаруашылық интернатын бітірген (1927). 1927 – 1928 жылы Бурабай орман шарушылық техникумында оқытушы, Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы (1928 – 1932), Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі (1933), "Қазақ әдебиеті” (1934), "Социалистік Қазақстан” (қазіргі "Егемен Қазақстан”) (1935) газеттерінде бас редактор, Қазақ Өлкелік комитетінде баспасөз бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1936), Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі (1937) қызметтерін атқарды. 1938 –1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан. "Ара – Шмель” журналының бас редакторы (1956 –1957), Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы (1956 – 1961, 1964 – 1966), КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы (1959 – 1985) қызметтерін атқарды. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және архитектура салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі болды. Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген "Тулаған толқында” мен "Американ бидайығы” атты шығармалары жатады. Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. "Тулаған толқында” повесі сюжеттік құрылысының босаңдығына қарамастан, жас қаламгердің пейзаждық, юморлық, диалог жасағыштық шеберліктерін байқатып, суреткерлік қырын танытқан шығармасы болды.
Ғабит Мүсірепов әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылды. "Қос шалқар” (1928), "Көк үйдегі көршілер” (1929), "Өмір ертегісі” (1930), "Алғашқы адымдар” (1932), "Шұғыла” (1934), "Үздіксіз өсу” (1934), "Жайлау жолында” (1936), "Тұтқын қыз” (1938), "Жеңілген Есрафил” (1939), тағы басқа әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі. Мүсірепов әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін жасады. Көптеген әңгіме, новеллаларында Әйел – Ананың бейнесін асқақтатып, әлем әдебиетіндегі Әйел – Ана тұлғаларының галереясын байыта түсті. Ол "Ананың анасы” (1933), "Өлімді жеңген ана” (1933), "Ашынған ана”, "Ананың арашасы” (1934), "Ер ана” (1942), "Ақлима” (1944), "Әмина”, "Ана жыры”, "Ана” шығармалары арқылы сөз өнеріне жаңа көркемдік өрнек әкелді. Ана жайында жазылған алғашқы әңгімелері М.Горький сарынында алынғанымен, ана бейнесі қазақы қасиеттерімен көркем өрнектелген. Мүсірепов қаламынан туған Қапия, Ақлима секілді ана образдары арқылы қазақ өмірінің шынайы көріністері сипатталады. Мүсіреповтің алғашқы романы – "Қазақ солдаты”. 1945 ж. "Қазақ батыры” деген атпен жарық көрген повесін жазушы өңдеп, толықтырып, 1950 ж. қайта жариялады. Бұл шығарма бүкіл қазақ әдебиетінің проза саласында екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды және қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбында жазылған таңдаулы шығармалардың санатынан лайықты орнын алған аса елеулі еңбек болды. Романның басты кейіпкері – Қайрош Сарталиевтің прототипі Қайырғали Смағұлов 1941 – 1945 жылдардағы соғысқа бастан-аяқ қатысып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болған адам. Соғыс кезіндегі халықтың басқыншыларға қарсы патриоттық сезімі мен күресін шынайы бейнелеген романда жазушы өзіндік шығармашылық өрнекпен отты жылдардың көркем шежіресін жасады. Нақтылы кейіпкерлердің жинақталған бейнесі арқылы бүкіл халықтың, елдің ерлік бітімін көрсетті. "Оянған өлке” (1953) тарихи романында қазақ халқының 19 ғасырдағы өмірі үлкен суреткерлікпен өрнектелген, қазақ жеріне өндіріс орындарының орнай бастауы шынайы сипатталған. Шығармада жазушы ескілікті әдет-ғұрыптарды сынап, кейбір кертартпа дәстүрлердің қазақ даласында азая бастағандығын көрсетті. Қазақ топырағындағы Қарағанды шахтасы мен Ақбұйрат мыс қорыту зауытының құрылуы мен жаңа өмірге ұмтылған адамдар тағдыры, характер шиеленістері, түрлі қақтығыстар – барлығы романда көрініс тапты. Үш томға лайықталған еңбектің алғашқы кітабы Жұман мен Игілік секілді қазақ байларының, орыс байлары мен жұмысшы тобының тартысты қатынастарын жан-жақты көрсету арқылы қазақ даласының бүкіл бір дәуірін суреттейді. Көркем филос. толғауы басым роман қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы ретінде танылды. "Оянған өлкенің” заңды жалғасы болып табылатын "Жат қолында” (1984) романы 30 жылдан соң жарық көрді. Бұл кітапты өз алдына дербес шығарма деуге де болады. Өйткені романда суреттелген өмір кезеңі де жаңа, кейіпкерлері де соны. Роман өндіріс ошақтарын ағылшындар мен француздардың билеп-төстеуі мен сол тұстағы (19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басы) халық тұрмысын тарихи тұрғыдан терең бейнелеуімен, Орталық Қазақстан өңіріндегі әлеум. өмірдің шындығын кең ауқымда байыпты түрде суреттеуімен құнды. Жазушы бейнелеп отырған дүбірлі оқиғаларға толы тарихи мезгіл сол тұста өмір сүрген жекелеген адамдардың сомдалған тұлғалары, сан алуан әрекеттері, тағдырлары арқылы оқырманның көңіл айнасынан өтіп, көз алдына елестеп отырады. Көлемді романдармен қатар Мүсірепов прозада шағын жанрды да дамыта түсті. "Автобиографиялық әңгіме” (1956), "Этнографиялық әңгіме” (1956), "Сөз жоқ, соның іздері” (1962), "Өмір жорығы” (1963), "Айгүл қойшының бір күні” (1964), "Айжан қойшының түндері”, "Бірінші фонтан”, "Қыран жыры” (1967), "Жапон балладасы” (1967), тағы басқа шығармаларында сан түрлі мәселелерді көтеріп, әрқилы образдарды жасады. "Арқаның, Көздің, Тастың әңгімелері” арқылы, ондағы көркем бейнелер негізінде адамзатқа шексіз қайғы-қасірет әкелуші адамдарды әшкереледі. Оның "Кездеспей кеткен бір бейне” повесі (1966, ҚР Мемл. сыйл., 1970) – классикалық шығарма. Повесть Мүсіреповтің шынайы сөз зергері ретіндегі қаламгерлік қарымын, талант қуатын танытты. Қара сөзбен жазылған поэма іспетті бұл шығармада азаматтық ерлік пен ақындық асыл өнер, адамгершілік биіктік пен махаббат терең лиризммен әсем өрнектелген. Адам бейнесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін әдемі штрих-детальдармен беруде жазушы ірі көркемдік табысқа жеткен. Бас кейіпкер Еркебұланның жігерлі тұлғасы, оның рухани әлемінің алуан сырлары көркемдік бояумен әсем өрнектелген. Оның прототипі ретінде ақын Сәкен Сейфуллин алынған. Терең лиризммен, сан түрлі сезім толқындарымен тебірене жырланған Еркебұлан бейнесі қазақ әдебиетіндегі ұнамды образдар қатарын байытып, сөз өнерінде үлкен жетістік саналды.
 
«Ұлпан» романы.
Қаламгердің көп ізденіс, үлкен дайындықпен келген образы – Ұлпан бейнесі ("Ұлпан” романы, 1974), ол – қазақ әдебиетіндегі қайталанбас, оқшау тұрған әдеби образ. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен көрінетін өлпан бейнесін жасауға жазушы өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденіп, толғанғаны байқалады. Ол күнделігінде: "Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, тағысын тағы.” деп жазды. Шығармадағы өлпан мен Есеней ойдан шығарылған образдар емес, тарихта болған адамдар.
Әйел, ана, арулар тақырыбына арналған Ғабит Мүсірепов шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, көрнектісі де «Ұлпан» романы. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен романда көрінетін Ұлпан тек қана жазушының өз шығармашылығы емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі оқшау тұрған әдеби бейне.
ХІХ ғасырдың  екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-тарихи өмірін терең зерттей келіп, жазушы тарихи фактілерді, шын өмірде болған оқиғаларды, адамдарды шығармасына негіз етіп алған. Ұлпан өмірінің хикаясын шерте отырып, автордың сол тұстағы бүкіл халық, қоғам өмірінің айқын суреттерін жасағаны мәлім.
Әрине романдағы басты кейіпкер – Ұлпан.
Әр заманда, әр халықта өмірдің айрықша құбылысы болып жарқ ете түсетін төтенше дарынды, жарқын тұлғалар болатыны аян. Ұлпан өткен ғасырдағы қазақ топырағында пайда болған сондай ғажайып құбылыс еді. Жазушы ел өміріндегі тарихи фактіні ала отырып, өзінің суреткерлік қарымымен халық дарынының, ақыл-ойының типтік көрінісіндей адам характерін үлкен зергерлікпен сомдап берді.
Романдағы Ұлпан – негізінен реалистік тұлға. Оның бүкіл бойынан сол дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын, ең асыл қасиеттерін көру қиын емес.
Романда суреттелетін Ұлпан – сырлы мінез-құлқымен, кесек бітімімен берілген тұлғалы образ. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, адалдығы, моральдық тазалығы, ақылдылығы, зеректігі, зерделілігі, парасаттылығы, өткірлігі, өжеттігі келісті де көрікті бейнеленген.
 Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» романы дүниеге келді. «Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.
 «Ұлпан» — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол ПІыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылыш, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз.
 Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп — айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей — Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?»- дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: «Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің», — деп кесіп жауап береді. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды»,—деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді.
 Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор — Ташкент темір жолы салынған кезде, «Ұлпан ас берген көл» жағасынан өткен темір жол стансасының атын «Ұлпан» атайды (Шалқардан кейінгі станса).
Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса — опақ, тұрса — сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін»,—деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.
Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу—Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан — аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері.
Сонымен қатар туынды арқауына алынған 19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ халқының әлеум.-тарихи өмірі тарихи жан-жақты зерделеніп, іріктелген оқиға, мәліметтер. Мүсіреповтің драматургия саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Оның "Қыз Жібек” (1934), "Қозы Көрпеш – Баян сұлу” (1939), "Ақан сері – Ақтоқты” (1941) пьесалары лиро-эпостық жырлар негізінде туындаған. Фольклорлық шығармалардың идеялық, тақырыптық желісін сақтай отырып, ол тың өрнекті дүниелер жасады. Жазушы пьесалары қазақ театры репертуарынан тұрақты орын алды. "Қозы Көрпеш – Баян сұлу” ұйғыр, корей театрларының сахналарында, Украинадағы Винницкий театрында және Мәскеу қаласындағы театрларда, Франциядағы Нанси қаласы театрында (1984) қойылды. Бұл спектакль Париж қаласында өткен театр фестивалінде 1-орын алды (1981). Мүсірепов сондай-ақ "Қыз Жібек”, "Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сияқты опера либреттоларының да авторы. Ол тарихи тұлғалар өмірінен "Амангелді” (1939), "Ақан сері – Ақтоқты” (1942), "Болашаққа аманат”, "Қыпшақ қызы Аппақ”, "Қайран Майра” атты драмалық шығармалар жазды. Мүсірепов драматургиясы шиеленіскен әлеуметтік тартысқа құрылған, қимыл-әрекеттері ширақ, диалогтары дәлме-дәл, монологтары ақындық пафоспен рухтанған серпінді, тілі құнарлы да бейнелі: осы қасиеттер кейіпкерлер характерлерін терең ашуда қолайлы қызмет атқарған. Сценарийін Б.Майлин, В.Ивановпен бірігіп жазған "Амангелді” фильмі (1938) қазақ кино өнерінің алғашқы баспалдағы саналса, "Махаббат туралы дастан”, "Қыз Жібек” (1970) фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған туындылар. Мүсірепов – қазақ әдебиетінде очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен үлес қосты. Оның "Уақыт іздері” (1977) атты еңбегі идеялық сонылығымен ерекшеленді. Жазушы очерктерінің басым көпшілігі мазмұн тереңдігімен, шынайы көркемдігімен өзі өмір сүрген заманның талабына толық үндес келіп отырды. Мүсірепов 1970 жылдан күнделік жазуды әдетке айналдырған. Оның архивінде (мұражайындағы) жазушының 300-ден астам қойын кітапшалары сақталған. 1997 ж. Мүсіреповтің "Күнделік” атты кітабы жарық көрді (құраст. Ә.Нарымбетов). Жазушы қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының дамуына зор үлес қосты. Оның әдебиет мәселелері жайында жазған еңбектері 20 ғасырдың 20-жылдарынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін мерзімді баспасөз бетінде қазақ, орыс тілдерінде үздіксіз жарияланып тұрды. Әдеби-сын мақалалары "Суреткер парызы” (1970), "Заман және әдебиет” (1982), "Дәуір дидары” (1986), "Әдебиет – кәсіп емес, өнер” (1987) атты кітаптарында жинақталып, жарық көрді. Мұнда ол әдебиет пен өнердің 20 ғасырдағы даму кезеңіне, сондай-ақ олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік позиция тұрғыдан қарап, ғылыми топшылаулар жасады. Әдебиет тарихына талдау жасап, сөз өнерінің әрбір табысын халықтың рухани қазынасына қосылған құнды дүние ретінде бағалады. Жоғары көркемдік идея мен шығармашылық шеберлікті әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде берік, айнымас өлшем ретінде ұстанып, әдеби шығарманың халықтық асыл мұра болып қалуы үшін белсенді түрде үздіксіз күресті. Көркем аудармада О.Генри, С.Тагарао, М.Горький, М.Шолохов, В.Василевская, И.Эренбург, У.Шекспир, А.Островский, Ж.Мольер, Я.Галан, К.Симонов, А.Леонов, А.Сафронов, А.Штейн, тағы басқа қаламгерлер пьесаларын қазақ тіліне аударды. Мүсірепов белгілі ғалым Г.Ломидзе атап көрсеткендей: "Ол керемет дәлдікпен әрі үйлесімділікпен жұмыс істейтін өте нәзік, өрнекті шебер. Мүсірепов қаламынан жанды бейне, тірі пішін сомдалып, ол суреттеген адам мінез-құлқы мен құбылыстарға кең тыныс, ауқымдылық тән” суреткер болды. Мүсірепов – көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылдың 4 шілдесінде ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына төнген аштық нәубеті жайында БКП(б) қазақ өлкелік комитетіне "Бесеудің хатын” жолдады. Хаттың мазмұны мен көтерген келелі мәселесі Мүсіреповтің қай кезеңде де болмасын халқының қамы үшін күресіп, қоғам алдындағы парызын адал орындаған азамат болғандығын айғақтай түседі. 
 
 
Дайындаған: Арапбаева И.Ш. Алыптар тобының өкілі Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жазушы ғана емес, сонымен бірге, қоғам қайраткері, зерттеуші ретінде бай мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Оның әр шығармасы тарихи негізде жазылып, Отан тарихының қилы кезеңдерінің әдебиеттегі көріністеріне айналды. Зерттеушілердің көпшілігі Мүсіреповтануда ең алдымен оның әдеби мұрасын назарға алады. Бұл әрине заңды. Себебі Ғ. Мүсірепов алдымен жазушы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне кесек туындылар әкелген көркем сөз шебері, дара суреткер
Категория: Сценарии наших мероприятий | Добавил: manap
Просмотров: 37745 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 4.2/12
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]