Среда, 24.04.2024, 20:14
Приветствую Вас Гость | RSS
Погода
Форма входа
Логин:
Пароль:
Поиск
Мини-чат
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Каталог файлов

Главная » Файлы » Сценарии наших мероприятий

Алаштың ақиығы
[ Скачать с сервера (25.0 Kb) ] 17.04.2017, 12:48

Алаштың ақиығы

/«Бір ел – бір кітап» акциясы аясында С. Торайғыровқа арналған кеш/

 

Мақсаты: Сұлтанмахмұттың өмірі мен шығармашылығына тоқталу, балалық шағы, білім алу жолдары, қызметі, алдына қойған мақсатқа жету жолын үйрету. Ақын шығармалары арқылы әдеби – теориялық білімдерін, өзіндік ой пікірін жүйелі жеткізуін, ойлау, салыстыру қабілеттерін дамыту. Оқушыларды ұлттық патриотизмге , оқу-білімнің маңызын түсіне білуге, жеке тұлға ретінде қалыптасуға тәрбиелеу.

 

Жүргізуші: Армысыздар, құрметті оқырмандар, оқушылар және ұстаздар!

Бүгін сіздермен «Бір ел – бір кітап» республикалық акция аясында өткізгелі отырған С. Торайғыровқа арналған «Алаштың ақиығы» атты шарамызға қош келдіңіздер.

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биылғы жылы аталмыш акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға «Жыл кітабын» таңдау бойынша ҚР Жазушылар Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын – Несіпбек Айтұлы: «Қазақ поэзиясының биігіне өрмелеп шыққан ақын ол – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Абайдан кейінгі ұлы ақындардың бірі деуге әбден болады. Ұлт үшін күрескен адам. Сол себептен бүгінгі «Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясына қатысушыларға жалынды ақын, жас ақын С.Торайғыровтың шығармаларын оқуға кеңес беремін», - деді, жалпы отырыстын комиссия мүшелері де бірауыздан «Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына» орай "Жыл кітабы - 2017 таңдауына ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқуды ұсынды. Себебі: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам!» деген рухты жырларымен мәңгі өшпес із қалдырған ақын. Өскелең ұрпақтың идеалына айнала алатын дара да, дана ақынның бірі екені тағы да айшықтала түсті.

Өмір – дерек

Торайғыровтың 2 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған.

1911 ж. жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. *1912 ж. Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, 1912 -13 жылдар аралығында

“Оқып жүрген жастарға”, “Тәліптерге”(“Шәкірттерге”), “Ендігі беталыс”, “Оқудағы мақсат не?”, “Анау-мынау”, “Мағынасыз мешіт”, “Жарлау”, “Досыма хат”, “Шығамын тірі болсам адам болып”, “Түсімде”, “Жазғы қайғы”, “Қымыз”, “Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста “Қамар сұлу” романын жазуды бастады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”, т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын

1914 ж. жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін “Шоң серіктігі” деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен “Ләнет бұлты шатырлап”, “Алтыаяқ” сияқты өлеңдер жазған. “Ендігі беталыс”, “Тұрмысқа”, “Бір адамға”, “Туған еліме”, “Сымбатты сұлуға”, “Қыз сүю”, “Гүләйім”, “Өмірімнің уәдесі”, “Жан қалқам”, “Гүл”, т.б. өлеңдерін, “Кім жазықты?” атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді (1915). Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін әуелі Катонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді.

- «С. Торайғыров дүниеге келген күн» видео көрсетілімі

С. Торайғыровтың өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері:

1893 жылы 28 қазан - Омбы уезі, Шағырай болысының Қарауыл Шабар ауылы, қазіргі Көкшетау облысының «Қызылту» ауданы.

6 жасында - Әкесінен хат танып, молдалардан сабақ алады.

1902 – 1903 жылдары - Әлі, Тортай, Мұқан молдалардан оқиды. Мұқан араб, парсы тіліндегі өлеңдерді қазақшаға аударған.

1906 – 1907 жылдары - Сұлтанмахмұт Мұқан молдаға еліктеп, 13 жасында өлең жазады. «Секілді өмір қысқа жарты тұтам».

1908 - 1910 жылдары - Баянауыл Молда үйінде жатып Әбдірахман медресесінде оқиды. Өлең атаулыға жаны қас молда «Өлең жазсаң, теріс батамды беремін» деп қорқытып, малай есебінде ұстайды. Молда қаталдығына шыдамай оқуды тастап кетеді.

1911- 1912 жылдары - Көрші ауыл Нұрғали Бекбауов деген жаңаша оқыған, қазақ – татар тілдерінде шығатын газет - журнал, пән әдебиеттерін оқып тұратын кісіні молдалыққа жалдайды. Бала ақын қазақ-татар тіліндегі әдебиеттермен танысып, таланты оянып, дүниенің мәнін, заман жайын ұғына бастайды.

Өлеңдері - «Дін», «Сарыбас», «Соқыр сопы», «Оқу», «Кезек қашан келеді?». Ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасын, өнер-білімнің пайдасы, дін, байлық, кедейлік, еңбек жайында толғанады.

1912 жылы қыркүйек -Троицк. «Ахун Рахманқұли» деген татар медресесінде оқиды. Бір қыс оқыған соң денсаулығына байланысты шығып қалады. «Іздегенім табылды, халқыма күн болам» деген ақынның судай тасыған көңілі сап тыйылып, жазда Троицк маңына бала оқытуға кетеді.

Осы кезде 1913 – 1914 жылдары «Ауырмай есімнен жаңылғаным» деген әңгіме жазады. Троицк. «Айқап» журналы шығып тұратын. Соған хатшы болып орналасады. Ойы толысып, шабыты тасып, өлең, әңгіме, мақала жазған кезі. «Қамар сұлу» романын, «Өлең, ән айтушылар», «Қазақ тілінде оқу оқыту қалай?» деген мақалаларын жазады.

1914 жыл жаз - Ізденіп оқу үшін әрі тура айтар өрлігінен редакциядан кетуге тура келеді

1914 жыл күз - Баянауыл. Мақсаты қаржы жинап, үлкен қалаға барып, оқу оқымақ. Елде бала оқытып, елді оқуға, мәдениетке талпындырмақ болады. «Шоң серіктігі» деген мәдени - ағарту ұйымын құрады.

1914 – 1916 жылдың күзіне дейін Семей. Мақсаты – орысша оқу, бірақ тиісті оқуға білімі жетпейді, кісі жалдап оқуға қаржысы болмайды, төменгі дәрежедегі оқуға жасы келмейді

1916 – 1917 жылдары Қатонқарағай. Зайсан жерлерінде бала оқытады. Сәті түскенде оқытушы жалдап, орысша оқиды. Елде жүріп «Кім жазықты?» деген өлеңмен роман жазады.

1917 жыл наурыз - Томск қаласына келіп оқуға түседі. Пән сабақтарынан басқа орыс тілі сабақтарына көңіл бөледі. Ресейде Ақпан революциясы болады.

1918 жылы Семей. Қазақ комитетінде қызмет істеп «Сарыарқа»газеті, «Абай» журналына өлеңдер мен мақалалар бастырады. «Алаш ұраны», «Таныстыру» сияқты шығармалар туады.

Осы кезде Баянауыл. Ауылда жатып, философиялық кітаптарды оқып, білімін тереңдетіп, көзқарасын кеңейтеді. «Кедей», «Адасқан өмір», «Айтыс»

(аяқталмаған) поэмаларын жазады.

1919 жылы «Социализм» (мақала), «Осы да әділдік пе?», «Неге жасаймын?», «Ғайса кім?», шығармаларын жазды.

Павлодарға келіп уездік революциялық комитеттің бастығына жолығады. «Шідерті» деген жерге революциялық комитеттің бастығы етіп жібереді. Мұнда 2-3 айдан кейін ауруы меңдеп, төсек тартып жатып қалады.

Ауырып жатып «Айтыс» поэмасын бастайды бірақ, аяқталмай қалады.

21.05. 1920 ж ылы 27 жаста қайтыс болады.

 

Шығармашылығының ерекшелігі

Оның шәкірттік кезеңдегі өлеңдері (1907 – 11) көркемдік тұрғыдан кемшін түсіп жатқанымен, жас ақынның қоғамдық құбылыстар мәнін түсінуге деген ұмтылысы мен өлең тілімен сурет салуға бағытталған талабын танытады. Ол қоғамдағы әділетсіздік пен әйелдердің ауыр тағдыры, діни оқудың схоластикалық сипаты жайлы жазды. Байлық пен кедейліктің теке-тіресін бай мен кедей ұлының өмірі арқылы көрсетуге тырысқанымен, бұл талпынысы биік ақындық талант пен саяси көзқарасты таныта алмады. Торайғыров 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. “Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады”, тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады. Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойынсұнбай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді (“Осы да әділдік пе?”, “Бір адамға”, т.б.). Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман (“Қамар сұлу”, “Кім жазықты?”), төрт поэмасын “Таныстыру” (1917 – 18), “Адасқан өмір” (1918), “Кедей” (1919), “Айтыс” жариялады. Торайғыров “Қамар сұлуда” әйел теңсіздігі мәселесін көтере отырып, дәуір шындығын әлеум. тұрғыда талдаса, “Кім жазықты?” романында ауыл өмірінің шындығын жан-жақты суреттей келе, қазақ халқының шаруашылық тұрғыдан дамымағанын, талапсыздық пен шаруаға қырсыздықты, жалқаулықты, алауыздықты сынайды.

«Тағдырдың өзі берген куәлігі» деген айдармен Сұлтанмахмұттың

шығармашылық мұрасына талдау жасаймыз.

-13 жасында жазған өлеңі қалай аталады? «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» деген өлеңі.

-Қандай өлең түріне жатқызамыз? Бұны өмірбаяндық өлең түріне жатқызамыз.

- Ақын мақсаты не? «Өмір қысқа, оқып білім ал».

Өзіне-өзі серт беріп жазған тағы қандай өлеңін білеміз? «Шығамын тірі болсам адам болып ».

Шығамын тірі болсам адам болып /шараға қатысушылардың бірі өлеңді мәнерлеп оқып береді./

Шығамын тірі болсам адам болып,

Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,

Жүргенше өмір сүріп, надан болып.

Мен балаң жарық күннен сәуле қуған,

Алуға күнді барып белді буған.

Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,

Болмасам толған айдай балқып туған.

Бұл сезім асып айтқан асылық емес,

Ойында оты барлар асылық демес.

Тебем деп тірі болсам надандықты,

Серт етіп, өз - өзіме еткен емес.

 

-Ақын мақсаты не? (Адам болу, жаман болмау, еліне қолғабыс ету, надандықтан құтқару ).

-Білім іздегенін қай сөзден көреміз? (Жарық сәуле қуған ) .

-Көрде жату ненің белгісі? ( Надандықтың )

-Күн алынама? Күн арқылы ақынның айтпақ ойы не? (Оқу оқып , білім алу, мақсатқа жету ).

- «Асылық емес» дегенді қалай түсінеміз? (Артық, бос, жалған емес )

ақынның іздену жолындағы зор талабы, қиял – арманы көрінеді.

Келесі Сұлтанмахмұттың «Шәкірт ойы» атты өлеңі. Талдау.

Шәкірт ойы.

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып, күн болам.

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда, кім болам?!

Мұздаған елдің жүрегін

Жылытуға мен кірермін.

Еңбек, бейнет тарауы

Рақатқа сарқылар.

Қыздырып күннің қарауы

Надандық теңізі тартылар.

Орны отайып көгерер,

Қызығын жайлап ел көрер.

Тұрмыс, тағдыр - бірі де

Бұл мақсаттан бұра алмас,

Қаһарман Рүстем, Әлі де

Бұрам деп жолда тұра алмас.

Сыланған жардың күлісі-

Алдандырмас бірісі.

-Сұлтанмахмұт қандай ақын? (Сыршыл ақын, мақсаты: оқу, білім алу ).

-Күнге ұмтылу нені білдіреді? (Қажымау, талмау, еңбектену, мақсатына жету)

«Неге жасаймын?» өлеңі.

Сусыз, шетсіз шөлдерден,

Тұманды, түпсіз көлдерден.

Адамдық көші өткенше!

Қасқыр мен қой дос болып,

Достықсыз өмір бос болып,

Шын өмірге жеткенше!

Іштен өсіп адамдық,

Сырттан түлеп жамандық,

Тазарып әбден кеткенше:

Талай шаштар ағарар,

Талай тәнді жер алар,

Талай буын қуарар,

Талай өмір суалар.

Жасамаймын: «Еңбектің

Жемісін көзбен көрем » деп,

Жасаймын: «Бір қолғабыс

Кейінгіге берем» деп.

-Сусыз, шөлсіз тұманды күн адамға жақсылық әкеле ме?

(Адамға  жақсылық әкелмейді) ( Адамның сусыз күні жоқ .)

-Қасқыр мен қой дос бола ма? ( Қасқыр қойды жеп қояды, яғни дос бола алмайды).

-Адал болып туып , арамдық жинасаң дұрыс па ?

Тазарып жақсылыққа жету үшін көп уақыт керек.

Өмірі оқу іздеп, қиыншылыққа шыдап, алған бетінен қайтпай, қайсар болды, соның барлығы - «өзі үшін емес, кейінгіге қолғабыс тигізу».

-Сұлтанмахмұттың «Бір адамға» деген 6 шумақтан тұратын бұл

өлеңде дәуір шындығын қарапайым сөзбен айта білген.

-Неше адам қатысқан ? (Шал мен ақын)

1914 жылы ел аралап жүріп, ақын Павлодар маңында атағы жер жарған Шорман ауылына түседі. Байлығына мақтанған әулет ата - тегінің патшадан алған шен-шекпектерін, езілген халықтан жинаған қазына мүлкін көрсетеді. Бай үйінің асыл жиһаздарын көрген ақын.

«Суреттер және көрдім жүзі жарқын,

Ойладым: «Оңдырған – ау баққан халқын».

Соншама құны толық бұлды түйме,

Артына қалдырмас па жақсы даңқын?!» деген.

-Сырт қарағанда мақтау сияқты болғанмен, бұл өлеңдердің астарында не жатыр? (Ащы мысқыл, зілді кекесін, еңбекші халықты аяусыз езген үстем тап өкілдерінің жиіркенішті қылықтары ).

-«Оңдырған-ау» - деген сөз «оңдырмаған» деген мағынада айтылған кескін, яғни (ирония). Мысқылдап суреттеуді сатира дейміз.

«Бір адамға» деген өлеңінде ақын ойының тереңдігі, ақындық шеберлігі, сыншылдығы байқалады.

«Өмірімнің уәдесі» өлеңі

Оллаһи! Ант етемін Алла атымен,

Орыс тілін білемін һәм хатымен.

История, география пәнді білмей,

Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.

Келгенше осыларды отыз жасқа,

Иншалла, бәрін түгел ұғам басқа.

Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,

Жер жұтсам , мәз болмаймын ішер асқа.

Сенемін, еңбек қылсам , бақыт жақын,

Келер жаз атақты алам деген «ақын ».

Жүректің қазынасы таратылса,

Пайдасын көрер әлі – ақ ертең халқым.!

Тұрмыстың оғы шыбындай,

Толықсып туар көңілімде ай,

Бір мағыналы ой, күш түртіп,

Баққа ұмтылып тұр маңдай.

Үміттің көзі жарқырап,

Бұлағы ағар сарқырап.

Бұл бәйгеде Махмұттың

Азбаны келер арқырап.

  • Өлеңнің мазмұны не жайында? (Оқып білім алуға серт етеді).
  • Тақырыбы не жайында? (Жастық шақта бәрін ұғып үйренуге, еткен еңбекке сенуге, ақын болуға сенімі ).

- Ақынның айтқан ойы, ұсынар идеясы не? (Білім алып, оған кездескен қиындықты жеңе білуге, еңбекпен бақыт жанатынын насихаттау).

Қорытынды: С. Торайғыров өнерде

Сұлтанмахмұт жас ақындардың ішіндегі бір күшті ақын еді. Өнер-білім сәулесін аңсап, құлаш ұрып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, алысып, жеңе алмай, мерт болды. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай, от-жалындай зулаған болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді».

Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ

Сұлтанмахмұт Торайғыров туындылары суретшілерге, музыканттарға, ақындарға, жазушыларға өнер шығармаларын шығаруға шабыт берді. Оның өлеңдері нағыз халықтық болды, өлең жолдары қанатты сөздерге және афоризмге, музыкаға айналды, халықтың жанын бейнеледі...

Сұлтанмахмұт –– қазақтың жыр – дариясын құрайтын үлкен асау арналы өзенінің бірі.

«Ел үшін еңбек етсең - халқың сүймек,

«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.

Ер өлсе де еңбегін ел өшірмес.

Неше мың жыл өтсе де тарих білмек», - деп ақынның өзі жырлағандай, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың елі үшін еткен еңбегі ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ тарихында ой-санасы ең қырағы, ең қанатты, ең қазыналы қайраткерлердің бірі.

Темірғали Нұртазин

Категория: Сценарии наших мероприятий | Добавил: L@RA
Просмотров: 3020 | Загрузок: 66 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]