Жаңа кітаптар!
Үшқоңыр: фотоальбом / жинақты құраст. В. Титенев.- Алматы, Тау-Кайнар.- 2017. – 240 бет.
«Үшқоныр» суреткітабы ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың туған өлкесі Үшқоңыр елдімекеніне арналып шығарылған. Кітап Елбасының жүрекжарды тебіреністері мен туған жеріне деген ыстық махаббаты жайлы қанатты сөздеріне негізделген. Отанның, туған жердің маңыздылығы арқау болған, қазақстандық суретшілердің еңбектерімен безендірілген Қазақстан Республикасы президентінің қанатты сөздер жинағы, отандық әдебиеттен айрықша орын алатын туындылардың қатарындағы кітап деуге лайық. Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған.
Нұрсұлтан Назарбаев Көші-қон және қазақ әлемі: баяндамалар, мақалалар және сыр - сұхбаттар.- Астана: Фолиант, 2017.- 360 бет.
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына орай жарық көріп отырған бұл кітапқа ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы көші – қон саясатына, сондай-ақ халқымыздың мәдениеті мен тарихына, бүгіні мен болашағына қатысты сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары, жарық көрген мақалалары мен бұқаралық ақпарат құралдарына берген сыр - сұхбаттары топтастырылған.
Қазақ энциклопедиясы: энциклопедиялық анықтамалық / бас ред. Ж. Тойбаева.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2017.- 368 бет.
Үкімет қаулысымен еліміздің төл энциклопедиялық баспасы құрылып, үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасыр толды. Осы уақыт ішінде баспа ұжымы қазақ және орыс тілдерінде 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы» мен 10 томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын, сондай-ақ көптеген салалық, пәндік, аймақтық, тұлғалық энциклопедиялар мен басқа да танымдық - анықтамалық кітаптарды, сөздіктерді жарыққа шығарды. Осылайша баспаның жүріп өткен 50 жылдық жолының өзі үлкен тарихқа айналып отыр. Кітапта жарты ғасыр ішіндегі энциклопедия авторлары мен баспа қызметкерлері және олар шығарған кітаптар туралы ақпараттар әліпби ретімен берілді. Шолу мақалада баспаның жарты ғасырлық тарихи жолын айшықтайтын құнды да мәнді деректер келтірілген.
Қазақ халық әндері. / құраст. Мереке Құлкенов. - Алматы: Мерекенің баспалар үйі, 2017.- 160 бет.
Бұл жинаққа қазақ халқының сүйіп шырқайтын, жұртшылыққа кең тараған халық әндері кіріп отыр. Кітап ән сүйер барша қауымға арналады.
Қазақ афоризмдері: ақыл-ой антологиясы: бағзыдан – бүгінге дейін / құраст. Е. Шаймерденұлы. - Астана: Фолиант, 2017.- 312 бет.
Кітап тарихи-философиялық зердеміздің көкжиегін кеңейте түсетін және ұлттық рухани болмысымызды тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін өзгеше энциклопедиялық жинақтар қатарына жатады. Философиялық хрестоматия ретінде пайдалануға болатын бұл туындының анасы әдебиет болса, атасы – ой. 78 ой иесінің афористік толғамдары тақырып-тақырыпқа бөлініп, топтастырылып берілген. Оған мақал-мәтелдер, шешендік сөздер мен қара өлең үлгілері, халық жырлары мен жылнама жолдарынан, айтыстар мен ән мәтіндерінен теріліп алынған нақылдық орамдарды қосыңыз. Тұңғыш рет қазақ афоризмдерінің бағзы замандардан бүгінге дейінгі әр алуан үлгілерін жинақтаған антология мәдениеттанушылар мен әдебиетшілерге, этнографтар мен философтарға, саясатшыларға, жалпы зиялылар мен студент жастарға, далалық өркениет болмысын барынша жан-жақты танып білгісі келетін һәм терең ой мен сұлу сөзге ынтық оқырманға арналған.
Бозоқ аруы: танымдық – көпшілік басылым / құраст. Ш. Бейсенова, Ж. Әскербекқызы. - Астана: Фолиант, 2017. - 208 бет.
«Ұлы Дала Арулары» топтамасымен шығып отырған екінші кітап – «Бозоқ аруы» аталады. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде археологиялық қазбадан табылған айымдар, сондай-ақ әйел-ана балбал мүсіндері туралы мәліметтер фольклорлық мұрамен сабақтастырыла қаралып, танымдық, ақпараттық баян түрінде ұсынылған. Екінші бөлім ұлт тарихынан ерекше орын алып, ел жадында сақталған әулие аналар өмірінен сыр шертеді.
Келіңіздер, оқыныздар!