Есенберлин, Ілияс. Көлеңкеңмен қорғай жүр: роман. – Алматы: Жазушы, 1974. – 224 б.
Романда тың көтеруге байланысты қазақ даласына енген жаңалықтар, ұлттардың жарасымды достығы, жер құнарын сақтау проблемасы, адамдар арасындағы моральдық, этикалық қатынастар шынайы суреттелген.
Есенберлин, Ілияс. Маңғыстау майданы. Аманат: романдар. – Алматы: Жазушы, 1978. – 424 б.
Бұл кітапқа жазушының «Маңғыстау майданы» мен «Аманат» атты романдары еніп отыр. Бірінші роман әйгілі Маңғыстау мұнай байлығын алғашқы барлаған, зерттеген адамдарға арналған. Екінші шығарма «Аманат» археолог-ғалымдар жайында. Автор романның бас кейіпкері – қарт археолог Күнтуар мен оның жолдасы Ерғазыны іс-әрекет үстінде суреттеп, олардың мінез-құлықтарын, өмірге көзқарастарын ашады.
Есенберлин, Ілияс. Жанталас: тарихи роман. - Алматы: Жазушы, 1973. – 320 б.
Ілияс Есенберлин халқымыздың арғы-бергі тарихына барлау жасап, «Қаһар», «Алмас қылыш» атты романдар жазды. «Жанталас» аталатын мына шығарма – сол екі кітаптың арасын жалғастыратын, трилогияның екінші бөлімі. Бұл романда қазақ халқының XVII-XVIII ғасырларда басынан өткерген ұлы-ұлы оқиғалар әңгіме болады. Халқымыздың басына Жоңғарлар күшпен әкеп таңған «Ақтабан шұбырынды» трагедиясы, қазақ елінің Россия қол астына кіруі, шет ел басқыншыларына қарсы күрес кітапта тарихи деректер негізінде қызғылықты баяндалған.
Есенберлин, Ілияс. Көшпенділер: тарихи трилогия. Т. 6. - Алматы: Жазушы,1986. - 600 б.
Он томдық шығармалар жинағының алтыншы томына «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясының бірінші / «Алмас қылыш»/ және екінші / «Жанталас»/ кітабы енді.
Есенберлин, Ілияс. Көшпенділер. – Алматы: Көшпенділер, 2006. – 912 б.
Ілияс Есенберлиннің шығармашылығында атақты «Көшпенділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпикалық құлаш-қарымымен, оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғаларының бейнесімен, тілінің шынайылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді. Жазушының трилогиясы тарихта ешқандай «жоғалып кетулердің» болмағанын, осы ғасырлардың бәрінде де қазақ халқы өзінің ежелгі жерінде өмір сүріп, еңбек еткенін сенімді түрде көрсетеді. Трилогияны оқи отыра, егемендік алу ісіне біздің бабаларымыз – Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандар, Наурызбай, Қобланды, Бөгенбай батырлар, Төле би, Асанқайғы, Бұқар жырау сынды даналар қаншалықты зор үлес қосқанын ерекше түйсініп, пайымдаймыз. Олар, олардың серіктері мен ізбасарлары өз отанын шексіз сүйді, оның болашағына сенді, осынау көкейкесті мұратқа жету үшін аянбай күш-қайрат жұмсады.